Орал қаласында өтетін Қазақстан-Ресей XXI өңіраралық ынтымақтастық форумы қарсаңында дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Ауқымды өңіраралық шараны жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында облыс әкімдігі жанынан жұмыс тобы құрылып, жоспарланған бағыттар бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Форумға Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы үкімет мүшелері, іскер топ өкілдері, инвесторлар, сарапшылар, жастар ұйымдары және медиа құрылымдар қатысады деп күтілуде. Іс-шара барысында жұмысшы мамандықтарын дамыту, өнеркәсіп, цифрландыру, көлік және логистика, аграрлық сектор, энергетика салаларындағы жаңа ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланып, бірқатар екіжақты келісімдерге қол қойылады.

Сонымен қатар, форум аясында Қазақстан-Ресей іскерлік кеңесінің отырысы, ынтымақтастық көрмесі, В2В форматындағы кездесулер, жастар және еріктілер форумы, шекара маңы өңірлерінің бірлескен жобалары бойынша сессиялар ұйымдастырылады.


Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі