Мемлекет басшысы: «Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші»
«Бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. Еліміздегі барлық деңгейдегі атқарушы билік өкілдері осы жерге арнайы шақырылды. Ауыл әкімдерінің басым көпшілігі, яғни 80 пайызы осында. Жалпы, осындай ауқымды құраммен алғаш рет бас қосып отырмыз.
Шын мәнінде, тақырып – өте өзекті. Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры – ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше.
Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші. Бұл – өте жауапты жұмыс. Ауыл әкімі ауылдың болмысын, ауылдағы ағайынның өмірін жете түсінетін нағыз іскер маман болуы керек.
Президент: «Еліміз бойынша 2334 ауыл әкімі сайланды»
«2020 жылы халыққа Жолдауымда ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастама көтергенімді білесіздер. Бұл мемлекетті басқару ісін түбегейлі жаңғырту жолындағы аса маңызды қадам болды. Себебі жергілікті әкімдер бүкіл билік жүйесінің тірегі саналады.
Сондықтан біз орынсыз асығыстыққа жол берген жоқпыз, ауыл әкімдерін сайлау жұмысын 5 жылдың ішінде біртіндеп жүзеге асырдық.
Бүкіл еліміз бойынша 2334 ауыл әкімі сайланды. Олардың орташа жасы – 43 жас. Жаңадан сайланған әкімдердің үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауылдағы сайлау саяси партиялардың аймақтардағы жұмысына тың серпін берді»
«Олар өз үміткерлерін ұсынып, сайлауға белсене араласты. Саяси ұйымдардың 1500-ден астам өкілі әкім болып сайланды. Жаңа басшылардың қатарында алты партияның мүшелері бар. Ал 700-ден астам азамат өзін-өзі ұсынып, сайлауда жеңіске жетті.
Сайланған әкімдер жұмысқа кірісіп кетті, жалпы нәтиже жаман емес деуге болады. Ең бастысы, олар жергілікті жұрттың мұң-мұқтажын, шешімін таппай жатқан түйткілдерді жақсы біледі.
Ауыл-аймақтың дамуына бөлінген бюджет қаражаты да тиімді игеріле бастады. Ауылдардың кірісі көбейді, мемлекет тарапынан берілетін қаржыға, яғни дотацияға тәуелділік азайып келеді.
Жақында жүргізілген сауалнамаға сәйкес ауыл тұрғындарының 84 пайызы өз әкімдеріне сенетіні анықталды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Сондықтан ауыл әкімдерін сайлау үдерісі алдағы уақытта да жалғасын табады».
Мемлекет басшысы аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралауды тапсырды
«Ал аудан әкімдерін сайлауға қатысты әртүрлі көзқарас бар. Бірқатар қоғам қайраткері мен белсенді азаматтар «аудан әкімдерін сайлау қажет пе, жоқ па» деген мәселені қайта қарауды ұсынуда. Бұл мәселені Ерлан Саиров, Альберт Рау, Мархабат Жайымбетов бастаған депутаттар да көтерді. Олар елде сайлау тым көбейіп бара жатқанын, жұрт саяси науқандардан мезі бола бастағанын айтуда. Бұл пікірді ауыл және аудан тұрғындары да қолдап жатыр. Сайлау науқандары жергілікті жерде жүргізілуге тиіс нақты жұмыстарға кедергі келтіруі мүмкін деген пайымдар да бар. Бұл пікірлерді ескерген жөн.
Осыған дейін аудан әкімдерін сайлау тәсілі арқылы 52 әкім сайланды. Енді олардың қалай жұмыс істейтінін қарап көру қажет. Аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралау керек. Мәселе – аудан әкімдерінің сайлауын міндетті түрде өткізу емес, басты мақсат: біз оң нәтижелерге қол жеткізуіміз керек.
Үкімет және Парламент депутаттары бірлесіп, осы мәселені жан-жақты қарап, әділетті, дұрыс шешім қабылдауы қажет. Ең бастысы, әрбір реформа салмақты көзқараспен, байыппен жасалуы керек».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Алғашқы Жарлығым ауылды дамытуға арналды»
«Ауыл – төл өркениетіміздің алтын қазығы. Ауылды өркендету – баршаға ортақ парыз.
Алғашқы Жарлығым да ауылды дамытуға арналды. Соған сәйкес Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Қазіргі таңда осы құжатқа сай нақты жұмыс атқарылып жатыр.
Жуырда ғана Ауыл еңбеккерлерінің екінші форумын өткізіп, осы саладағы өзекті мәселелерді қарадық. Ал бүгін ауыл-аймақтардың даму бағдарын айқындаймыз. Бұл – мемлекеттің алдында тұрған стратегиялық міндеттің бірі».
Мемлекет басшысы ауылдағы оң өзгерістерге тоқталды
«Соңғы жылдары ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. 2022 жылы халықтың табысын арттыруға арналған кешенді жоспар қабылданды. Биыл Үкімет алдағы бес жылға арналған Өңірлерді дамыту тұжырымдамасын бекітті. Ауылға қомақты инвестиция тартылды.
2021 жылдан бері ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 864 нысан салынды. Сондай-ақ 388 жаңа мектеп ашылды. Былтыр 2 мыңға жуық ауыл мектебіне сапалы интернет берілді.
Жыл өткен сайын ауылдың әлеуеті артып келеді. Өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі жоғары ауылдардың саны көбейе түсті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі алты жылда 1,5 еседен астам өсіп, 8,3 триллион теңгеге жетті.
Биыл ауылдағы шаруаларға 1 триллион теңге көлемінде қолдау көрсеттік. Дәл осындай мемлекеттік қолдау көрсеткен елдер көп емес, тіпті, бұл көптеген ел қол жеткізе алмайтын қаржылай көмек деуге болады.
Алайда алдымызда биік мақсаттар тұр: біз ауылдағы жағдайды жақсартып, жұмысты күшейтуіміз керек».
Президент: «2029 жылға дейін «Ауыл аманаты» бағдарламасына 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді»
«Ауылдағы кәсіпкерлікті өркендетуге баса мән беру керек. Алдымен ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуымыз қажет. Осы бағытта біршама жұмыс атқарылды. Оның пайдалы екені де көпшілікке белгілі.
Алайда бірлескен шаруашылықтар әзірге ауыл экономикасының тірегі бола алмай тұр. Көбіне мұндай кооперативтерді бірнеше адам ғана құратыны жасырын емес. Олар жеке шаруашылық иелері және өнім өңдеушілер арасында делдал болып жүреді. Соған қарамастан мемлекеттен жеңілдіктер алады. Рас, мұндай теріс әрекеттерге тыйым салынбаған. Бірақ бұл ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға кедергі келтіреді.
Бірлестік (кооператив) құру бүкіл ел бойынша жүргізілуі керек. Сонда ғана ауылдағы ағайын бұл жұмыстың игілігін көреді. Жеке шаруалар біріге алмаса, мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамыту жолындағы бар еңбегі зая кетеді. Сондықтан бұл жұмысты белсенді түрде қолға алуымыз қажет.
«Ауыл аманаты» жобасы өз кәсібін дамытқысы келетін ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік беруде. Жоба аясында екі жылдың ішінде 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. 2029 жылға дейін осы бағдарламаға 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді».
Жиында Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылдық округінің әкімі Әділет Мұсағали, Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Вагулино ауылдық округінің әкімі Ирина Шишкина, Алматы облысы Талғар ауданы Нұра ауылдық округінің әкімі Ахмет Оразбаев, Жамбыл облысы Жуалы ауданы Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы, Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Тәңірберген ауылдық округінің әкімі Медет Бекжанов, Қостанай облысы Қостанай ауданы Владимир ауылдық округінің әкімі Әлия Жүнісова, Алматы облысы Қарасай ауданы Райымбек ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасынов, Абай облысы Көкпекті ауданы Шұғылбай ауылдық округінің әкімі Нұрлан Назарханов сөз сөйледі.
Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылдық округінің әкімі Әділет Мұсағали мемлекетке қайтарылған жерлерді ауыл тұрғындарына бөлу процесі әділ әрі ашық жүргізілуі керек екеніне назар аударды.
t.me/aqorda_resmi