Атырауда өткен ІІІ Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы Ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған» деген болатын. Танымал картограф-ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназаров көне карталардың көмегімен Қазақ мемлекеттілігінің тарихы сонау орта ғасырлардан бастау алатынын дәлелдеген ғалым. Бүгін ол «Атамекен» өнер ордасында облыс тұрғындарына арнап «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы көне карталарда» тақырыбында ашық дәріс өткізіп, тың деректермен бөлісті.