Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы Корея Республикасына жұмыс сапары барысында Квандонг университеті жанындағы Халықаралық Әулие Мария клиникасында болып, бірлеткен жобалар аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстармен танысты.
— Бүгін біз екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін маңызды кездесуде бас қосып отырмыз. Медициналық көмектің сапасын арттыру, заманауи технологияларды енгізу және халықаралық тәжірибені пайдалану — өңірлік денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі. Осы тұрғыдан алғанда Корея Республикасының денсаулық сақтау саласындағы озық тәжірибесін Батыс Қазақстан облысына енгізу — біздің өңір үшін маңызды қадам. Квандонг университеті жанындағы Халықаралық Әулие Мария клиникасымен серіктестік өзара сенімге негізделген жаңа мүмкіндіктер ашады, — деді облыс әкімі.
Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысынан нейрохирург, травматолог, невропатолог, онколог, медбике және медициналық ұйым басшыларын қамтитын тоғыз маман аталған клиникада тағылымдамадан өтуде. Бұл – екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нақты нәтижелерін көрсететін маңызды бағыт. Маман даярлығын күшейту өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
— Ко Дон Хён мырзаға және клиника ұжымына қазақстандық мамандарға көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтамын. Біз ұзақ мерзімді, өзара тиімді әріптестікке мүдделіміз. Бүгінгі кездесу — жаңа бастамаларға басқан алғашқы қадам. Ынтымақтастығымыз өңір медицинасының дамуына, ең бастысы — тұрғындар денсаулығын жақсартуға зор үлес қосады деп сенемін, — деді облыс әкімі клиника Президентімен кездесу барысында.
Кездесу барысында Квандонг университеті жанындағы Халықаралық Әулие Мария клиникасы, Қазақстан Республикасының Кореядағы Елшілігі және Батыс Қазақстан облысының әкімдігі денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөнінде халықаралық меморандумға қол қойды.
Сапар соңында аталған клиникада тағылымдамадан өткен облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігер-хирургы Ахмет Орын, Ақжайық аудандық ауруханасының дәрігер-неврологы Ермек Тұрғынбаев, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының медбикесі Әлия Әділоваға Халықаралық Әулие Мария клиникасының сертификаттары табысталды.
Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі