Қойылым аттас пьеса 2005 жылы Батырдың 100 жылдығына орай жазылған еді. Драма авторы Шерхан Мұртаза «Ноқтаға басы сыймаған» деген сөз – «тәртіпке көнбеген» дегенді білдірмейді. Керісінше, ол тәртіптің құлы болған адам. Тек сол кезеңдегі жүгендеулі қоғамның ақиқатын айтып, жүйеге қарсы болды. Бауыржандай батыры бар ел бақытты» деген еді. Драмада хас батырдың соғыстан кейінгі тағдыры суреттеледі. Қоғамнан тысқары қалып, еш жерде жұмысқа алынбай, ауылға кеткен кезеңі бейнеленген. Қазақтың маңдайына біткен біртуар тұлғаның бейнесін театр әртісі Теміржан Матаев сомдады.

Шығармаға Халық жазушысының ұлттық рух, тіл, діл, ел тағдыры жайлы шиыршық атқан шыншыл сөздері арқау болған. Тұсаукесер қойылымның бас көрермені – батырдың келіні Зейнеп Ахметова болды. Драмадан кейін сахнаға шақырылған сыйлы жан арнайы сәлем салды.

Жазушы асыл ұлды еске алып, атын жаңғыртқан театрға мың алғыс айтты. «Біздің Бәукең» деп төбесіне көтерген халыққа ризашылығын білдіріп, көзіне жас алды. Қойылым жайлы пікірін де іркіп қалмады.

Ғасыр адамы атанған тұлға және қойылым хақында облыс әкімі де өз пікірін білдірді.

Бұдан соң Батырдың келініне сый-құрмет көрсетілді. Мәртебелі мейманды жұртшылық та жібергісі келмей, қолтаңба алып, суретке түсті. «Тірілермен тірімін» деген әулие сөзді айтқан Ердің сойы осындай өнердегі көркем бейнелермен бірге кейіггі ұрпақ жүрегінде мәңгі жасай бермек.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ