Республикалық айтыстың өңірімізде өтпегеніне қаншама уақыттың жүзі боды. Жырдан маржан терген сөз шеберлерінің жарысын Жайық жұрты сағына күткені көрініп тұр. Додалы жарысқа жиналған залда ине шаншар жер болмады.
Айбек Қалиев, Айнұр Тұрсынбаева, Бекарыс Шойбеков сынды талай аламан бәйгеде оза шапқан жүйріктермен бірге айтысқа, тыңнан жаңа қосылған жас ақындар да қатысты.
Аян Сейітов, айтыскер ақын:
Ақтөбеден келіп тұрмын. Жасым кіші болғанымен, Жүрсін ағамыздың айтысында жүргеніме 4-5 жыл болды. Айнұр апаммен еркелеп отырып айтыстым.
Ақындар жырымен - туған жердің тарихынан бастап, экономика мен саясат, мәдениет пен спорт, достық және махаббат жайында тақырып қозғады. «Сын түзелмей, мін түзелмейді», алынған асулар, жеткен жетістіктермен қатар, жоқ-жітік кемшіліктер туралы да тілге тиек етті. Жыр додасында ұтқыр ой мен жарасымды әзілге толы Бекарыс Шойбеков пен жергілікті ақын Жансая Мусинаның айтысы көрермен көңілін бір серпілтіп тастады.
Жыр кешінде ақындар алты сағат бойы өнер көрсетті. Атақты Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасына мықтылардың мықтысын анықтау оңайға түспеді. Өрнекті ойымен, өткір тілімен ерекшеленген айтыскер ақындардың барлығы да сый сияпатсыз қалмады.
Айтыс жанашыры, ақын Жүрсін Ерман осы додалы жарысты Орал өңірінде өткізуге мұрындық болған облыс басшысы Нұрлан Ноғаевқа ризашылығын білдіріп, бас бәйгені тапсыру үшін сахна төріне шақырды.
Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:
Түрлі тақырыпты әңгімеледіңіздер, оны айтып қана қоймай, сол сынды жоюға барша қазақстандықтарды жұмылдыру керек.
Бекарыс Шойбеков, айтыскер ақын:
Елдің ықыласына қарағанда, жақсы мереке болды. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Айтыс сәтті өтті, деп ойлаймын.
Еліміздің «мен деген» мықтылары қатысқан жыр додасын, көрермен ықыласпен тамашалап, айтыс соңына дейін қошеметпен қол соқты. Орамды ой, ерекше көңіл күй сыйлаған ақындармен жиналған жұртшылық қимай қоштасты. Ұлттық өнерімізді ұйымдастырушы Жүрсін Ерман жас ақындарды, көрермендерді шілдеде Арқа төрі Астанада өтетін айтысқа шақырды.
Дәурен ӘЛИАСҚАРОВ