Кухаев Біржан Амангелдіұлы 1991 жылы БҚО Ақжайық ауданы Бударин ауылдық округі Коловертное ауылында дүниеге келді. Ауылдағы негізгі мектепті аяқтаған соң, 2008-2010 жылдары аудан орталығындағы №14 кәсіптік лицейде (қазіргі Ақжайық аграрлық-техникалық колледжі) «электронды есептеу және есептеуіш машиналарының операторы» мамандығы бойынша білім алды. 2010 жылғы шілде-желтоқсан айлары аралығында №14 кәсіптік лицейде «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында қызмет етті. 2010-2012 жылдары Ақжайық аудандық ішкі саясат бөлімінің статисі болып, 2012-2016 жылдары «Ақжайық өрендері» жастар қоғамдық бірлестігіне төрағалық етті. Осы аралықта «Жас Отан» жастар қанаты Ақжайық аудандық бөлімшесін басқарды. IV, V шақырылымдағы Ақжайық аудандық мәслихатының депутаты болды. 2015-2018 жылдары «Нұр Отан» партиясы Ақжайық аудандық және Орал қалалық филиалдарында штаттан тыс консультант қызметін атқарды. 2020-2023 жылдар аралығында БҚО мәслихатының көшіру-көбейту операторы, кейін әдіскері болып еңбек етті. 2017-2022 жылдар аралығында облыстық «AQJAIYQ» телеарнасының дикторы болды. Сондай-ақ, «АПТА» сараптамалық-шолу бағдарламасын, «Сіз не дейсіз?» қоғамдық-саяси ток-шоуын, «Bilim high» интеллектуалдық жобасын, «Мәслихат» хабарын жүргізді. Мерекелік іс-шараларға арналған немесе қоғамдық-саяси маңызы зор арнайы хабарларды тізгіндеді. Ақын Жұбан Молдағалиевтың жүз жылдығына арналған «Жұбан жолы» деректі фильмінің редакторы (2021 ж.). Бүгінгі таңда күн тәртібіндегі көкейкесті мәселелер мен түйткілді тақырыптарды талқылайтын «Жедел желі» хабарының редакторы әрі жүргізушісі.
Жылдар жүзінде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесінің, облыс әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің мүшесі болды. 2020 жылдан бастап БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және жастар мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы.
Облыстық «Қадыр оқулары» (2008, 2012 ж.) «Жұбан оқулары» (2010 ж.) байқауларының бас жүлдегері. Облыстық «Үздік жас көшбасшы» аталымының лауреаты (2013 ж.). Сайлауалды белсенділігі үшін Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың (2012, 2015, 2016, 2021 ж.), Президент Қ.Тоқаевтың (2021 ж.), өңірдің қоғамдық-саяси өміріне қосқан үлесі мен жастық жігері үшін БҚО әкімі А.Көлгіновтің (2017 ж.), БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесіне орай БҚО әкімі Ғ.Есқалиевтың (2020 ж.), «ҚР мәслихаттарына 20 жыл» мерекелік медалінің (2015 ж.) және тағы басқа түрлі деңгейдегі алғыс хат, марапаттың иегері.