Лұқпан Елеу 1964 жылы Сырым ауданында дүниеге келген. 1982 жылы Жымпиты орта мектебін тамамдап, еңбек жолын аудандық «Қызыл ту» газетінде қызметкер болып бастады. 1983-1985 жылдары Украина елінде әскер қатарында борышын атқарды. 1985-1989 жылдары Орал педагогикалық институтының филология факультетінде "қазақ тілі мен әдебиеті" мамандығы бойынша жоғары білім алып шықты. 1989-1996 жылдары бұрынғы Тайпақ ауданында газет тілшісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарды.1996 жылдан бастап облыстық телеарнада қызмет етіп келеді. Бірнеше мәрте аудандық, облыстық ақындар айтысына қатысып, жүлдегер атанған. Өлеңдері облыстық, республикалық басылым беттерінде жарық көрді. Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі. «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.