Өнерлінің өрісі кең. Ал, өнер халықтың қазынасы, ұлттық құндылығы. Ғасырлар бойы халықпен бірге жасасып келе жатырған, баға жетпес байлығымызды көздің қарашығындай сақтап, бүгінге жеткізген аға буынның ізін басқан мәдениет және өнер қызметкерлері өз істерін адал атқарып, көрермендерінің көзайымына айналып келеді. Бұл күн мәдениет пен өнер саласында жүрген жандар үшін маңызды, әсіресе, жастарға шабыт береді. Бүгінгі жас буын сахна төрінде түрлі кейіпкерлерді сомдауда шеберліктерін шыңдауда. Біз оларға бар түйген-білгенімізді үйретуден жалықпаймыз дейді сала ардагерлері.
767 мәдениет нысандары мен 403 кітапханада, 2 драма театр мен 18 музейде еңбек ететін мыңдаған жан халықтың рухани құндылығы жолында еңбек етіп келеді. Туған елінің келешегі мен ертеңі жолында өз өмірін өнермен ұштастырған олар ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп жүргендер. Сәні мен салтанаты келіскен кәсіби мереке күні сала мамандарының айтар ақ тілектері шексіз.
Жыл өткен сайын өңіріміздегі мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базалары жаңғыртылса, аудандар мен ауылдарда бірнеше нысан халықтың игілігіне берілді. Бұл, мамандықтың рухани құндылығы, маңызы зор. Ғасырлар бойы халықпен бірге жасасып келе жатырған төл өнерді дәріптеу, оны келер ұрпаққа аманат ету жолында ауқымды жұмыстар жалғасын табуда. Сөз жоқ, мұның барлығы да біздің елдегі мәдениетке деген жанашырлықтың, өнер саласына деген қамқорлықтың нәтижесі. Сахна майталмандарын құттықтаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев осылай деді.
Осы күні өнердің көкжиегінде өз іздерін қалдырып, қызметін абыроймен атқарып келе жатырған бір топ сала мамандарына «Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығы» медалі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі тағылып, облыс әкімінің алғыс хаттары табыс етілді. Олардың арасында Ақжайық өңірі мәдениетінің дамуы мен өркендеуіне сүбелі үлестерін қосып келе жатырған ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері, кітапханашылар, музей қызметкерлері де бар. Түрлі номинациялар бойынша өз ісінің үздіктері атанғандарға облыс әкімі марапаттарды табыс етті.
Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Ақболат МҰСТАЖАПҰЛЫ