Кеше Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер және мәдениет орталығында оралдық көрермендер қысқа метражды қос фильмнің көрсетіліміне куә болды. «Дезертир» және «Бостандық сүйгіш жыртқыш» атты шағын туындылардың авторы әрі режиссері Жігер Мұрзалиев. Қос шығарма да жастарды әскери-патриоттыққа тәрбиелеу, өз қызметіне дала болуға үндейді. Кино көріп қайтқан тілшіміз баяндасын.


Қысқа метражды «Дезертир» фильмінің аты айтып тұрғандай, оқиға желісі әскерден қашқан жігіттің тағдырын баяндайды. Шығарманың ұзақтығы - 20 минут. Осы қысқа уақыт ішінде фильм авторы мен актерлар қашқын жігіттің өз ісіне опынған сәтін, ішкі жан дүниесінің арпалысын жеткізуге тырысқан. Батыр Бауыржан Момышұлының бейнесі арқылы бас кейіпкер әскерден қашу – Отанын қорғаудан бас тартумен тең екенін түсінеді.


«Дезертир» фильмі 7-арна жариялаған «Жас дидар» атты қысқа метражды фильмдер байқауының іріктеуінен өткен. Байқау қорытындысы желтоқсанда жарияланбақ. Бұл күні көрсетілген екінші фильм де жастарды елжандылыққа, әділетсүйгіштікке тәрбиелеу мақсатын көздеген. «Бостандық сүйгіш жыртқыш» атты туындының ұзақтығы – 46 минут. Ізгілік қашан да зұлымдықты жеңеді деген биік идеяны насихаттайтын фильм қандықол қылмыскер мен тәртіп сақшыларының текетіресін баяндайды. Қылмыстық драмада «Старый суфлер» экспериментальді театрының актерларымен қатар, белгілі өнер қайтаркері де роль сомдаған.

Әрине, қос фильмнің де операторлық түсірілімінде, техникалық сапасында кемшілік көп. Алайда көрермен актерлардың шынайы ойынын жоғары бағалады.

Шығармашылық ұжым бұл туындылармен шектелмей, алдағы уақытта Жеңістің 70 жылдығына арналған «Оралмаған» атты жаңа туындыны қолға алмақ.

 

 

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ