Қашанда домбырасын қолынан тастамаған, халықтық жыр-термелерді жастайынан жаттап, оны кейінгі ұрпақтың бойына сіңіруде өлшеусіз үлес қосқан жыр дүлділі Көшерғали Макаров сәулелі дүниеден алыстамайтындай көрінетін. Оның жаны таза, жүрегі өнерге ғашық, кеудесі шаттыққа толы еді. Терме – өсиет сөздерден тұратын көркем туындының тұнығына бас қойып, құмары қанша әуелеткенде бүлкілдеген көмейінен күміс жыр төгіліп, көкірегінен өнердің махаббатының оты лаулап, құлақ құрышың қанатын еді ау. Қайран қазақтың марқасқа Көшерғалиы, кейінгі буынның Көшақасы! Жаныңыз жәннатта болсын!